Баспа – жұтқыншақтық бадамшабездердің жіті қабынуы
Баспаны жиі қоздыратын – А тобындағы гемолитті стрептококк. Баспа стрептококтың көптеген серотиптерінен ғана тумайды, сондай-ақ стафилококк, пневмококк, гемофильді таяқшалардан және тағы басқаларынан туады. Баспаның ауыр түрлері иммунитеттері төмен, әлсіз балаларда грамтеріс микрофлора арқылы туады. Кез келген адам үшін баспамен ауыру қаупі өте жоғары, баспамен ересектер де балалар да ауырады.
Жұқпа көзі – стрептококты жұқпаның түрлі түрлерімен ауыратын науқастар (жәншаулық баспа, стрептодермия, синусит және т.б.), сонымен қатар гемолитті стрептококк тасымалдаушылар. Таралудың негізгі жолы – ауа-тамшы арқылы, күнделікті күтіну үшін қолданылатын заттар, ыдыс-аяқ, киім-кешек, ойыншық арқылы таралу.
Баспаны қабылдағыштық қаупі айтарлықтай жоғары. Баспамен ауырған науқаспен ұзақ әрі жақын араласу ауруды жұқтыруға себеп болады. Ауруды науқас адамнан жұқтыру қаупі ағзаға гемолитті стрептококтың түсуінен ғана емес, бала иммунитетінің жағдайы мен ерекешеліктеріне де байланысты.
Ауру кезеңдері:
Инкубациялық кезең – 1-7 күн аралықтары.
Ырықсыз клиникалық белгілерінің кезеңі – 7-10 күн аралықтары.
Реконвалесценция (аурудан жазылу) кезеңі – 10-15 күннен кем емес.
Түріне қарай баспа талаураған, фолликулды, лакуналық (қалталық), некроздық (өліеттенген) болып бөлінеді. Баспа болғанда тамақ ауырады, әсіресе жұтынғанда ауырады, дене қызуы көтеріледі.
Уыттанудың айқын белгілері мыналар: дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, солғындық, шаршағыштық, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі, құсу. Аңқаны қараған кезде таңдайлық бадамшабездері, доғасы, тілшік және жұмсақ таңдай ісіп, қызарып тұрады. Кейде бадамшабез қуысында сұйық ірің болады. Талаураған баспа лакуналыққа тез айналып кетуі мүмкін. Фолликулды баспа кезінде бадамшабездерде ұсақ-ұсақ шырышты іріңдер болады. Баспа кезінде әрдайым аймақтық (мойыналды) лимфатүйін болады. Олар ұлғайып, ауырады. Ауыз-жұтқыншақ шырыштары, бадамшабез, аймақтық лимфатүйіндерге қатысты шағымдарға қарап баспа диагнозы қойылады.
Зертханалық диагностика:
Микрофлора мен антибиотиктерге сезімталдығын тексеру үшін бадамшабезден алынған шырыштарды себу (себуді бактерияға қарсы терапия басталмай тұрып, барлық науқастарға тағайындайды).
Қан талдауында қабыну белгілері болады: лейкоцитоз, солға жылжытылған нейтрофиллёз, үдетілген ЭШЖ (эритроциттердің шөгу жылдамдығы (СОЭ)).
Үйде емделу:
Дене қызуы басылғанға дейін және науқастың жалпы денсаулық күйі бір қалыпты болғанға дейін, яғни 5-7 күн бойы төсек тәртібін сақтау керек.
Аурудың жіті кезеңінде өте жеңіл емдәм қолдану керек. Үгітілген тағам ішіп, сүт және өсімдік өнімдерін пайдалануға болады, тұз бен тітіркендіргіш заттарды неғұрлым аз мөлшерде қолдану керек.
Бактерияға қарсы терапия курсы – 7-10 күн (2-3 буын пенициллин немесе макролидтер қатарынан (кларитромицин, сумамед, макропен) және цефалоспориндер).
Жергілікті ем: антисептикалық және қабынуға қарсы әсері бар шөп қайнатындыларымен (түймедағы, жалбыз, өгейшөп), фурациллин, бетадин, тұз ерітінділерімен тамақты шаю керек.
Көрсеткіштері бойынша симптомдық және антигистаминдік терапия тағайындау керек. Реконвалисценция (аурудан жазылу) кезінде дәрумендер мен жалпы денсаулықты нығайтатын заттарды қолдану керек.
Госпитализациялау көрсеткіштері:
Аурудың басталу кезінде-ақ ауыр түрі мен сепсистік асқыну болса, науқасты госпитализациялау қажет. Емдеуді уақтылы бастаса, ауырғанның 10-ыншы күнінде клиникалық сауығу туады. Сауығудың толық туғанын бактерияға қарсы терапия аяқталғаннан кейін зертханалық зерттеу жасау арқылы анықтауға болады (қан және зәр талдаулары). Баспамен ауырған адамның толық жазылғанына бір ай болған кезде бір тексеріп, қажетіне қарай тағы қайталай тексеру керек. Баспаның асқынған түрімен ауырған балаларды ревматолог пен нефролог бақылауға алып, созылмалы тонзиллитпен ауыратын науқастарды отоларинголог емдейді.