Құрметті Шынаркүл Орынбасарқызы! 

Еңселі 55 жасыңыз құтты болсын!

Кең байтақ еліміздің жүрегі Астана қаласының медицина саласындағы орасан қызметінде сіздің де айтарлықтай үлесіңіз бар екені сөзсіз. Осы саладағы адал еңбегіңізді бағалаймыз әрі құрметтейміз! Осынша уақыт бойы адал атқарған еңбегіңіз үшін алғысымызды, өзіңізге деген зор құрметімізді білдіре отырып, осынау айтулы күні өміріңізге жарық дүние шапағатын, зор денсаулық, баянды бақыт, мейірім мен қуаныш тілейміз! Ой-мақсаттарыңыздың жүзеге асуына тілектеспіз. Үрім-бұтағыңыздың аспаны ашық, дұшпаны қашық болсын! Фәниде тек жақсылық көре бергейсіз! Отбасыңызға амандық, бауырыңызға бүтіндік, көңіліңізге тоқшылық, қалтаңызға молшылық тілейміз! Бақытты болыңыз!



Аса құрметті Гүлнар Серікқызы!
 

55 жасыңыз құтты болсын!

Сізді өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға деп білеміз. Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық парасат Сізді зор құрметке бөледі. Сізді жаны жомарт, қамқор да аяулы ана, талапты да тиянақты маман  ретінде білеміз. Сіздің абзал қасиеттеріңіз тәнті етпей қоймайды. Өмірлік еңбек пен тұрмыс тәрбиесі, жеке басыңыздың кіршіксіздігі отбасыңыз үшін ғана емес, қатар жүрген әріптестеріңіз, тілектес дос-жаран үшін де зор мақтаныш, абырой, ал жас ұрпақ бала-шағаңыз үшін нағыз өмір мектебі екендігі даусыз. 

Қадірлі Гүлнар Серікқызы! Сізге осындай мерейлі күні шын көңілден мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат, отбасыңызға баянды бақыт тілейміз. Әр игі ойларыңыз игі мақсаттарға жете берсін! Әр игі ісіңіз өзіңізге сауаптан жазыла берсін! Өміріңізде тек жақсылық бола берсін!


 Құрметті Қатира Сағымбайқызы! 

Бүгінгі құрметті 55 жасыңыз құтты болсын! 

Жарты ғасырдан астам ғұмырыңызда Отанымыздың медицина саласы мен қоғамдық әлеміне елеулі үлес қосып келе жатырсыз. Саналы ғұмырыңыздағы ел игілігіне арнаған ерен еңбегіңіздің арқасында адамзат баласына, ұрпақ пен ұлт тағдырына жанашырлығыңызды көрсетіп келесіз. Еңбек жолында білім мен тәжірибелік қызметті табысты ұштастыра отырып, қызметкерлер мен емделушілерге мамандандырылған деңгейде көмек көрсетіп, ақыл-кеңес беріп келесіз. Адамға жанашырлық таныту, қол ұшын беру, әрдайым қолдап отыру – Сіздің асыл қасиеттеріңіздің бірі. Медицина саласында жылдар бойы көрсеткен еңбегіңіз, сабырлылығыңыз бен ұстамдылығыңыз, жастарға көрсеткен үлгі-өнегеңіз өз алдына сый-құрметке ие.

Сіз еңбегі елеулі жағымды жұмыскерсіз. Қыздарыңызды қырағылықпен қорғап, қолдап, тиянақты тәрбие беріп отырған ардақты анасыз, ақылы мен парасаттылығының, сыпайылығы мен сүйкімділігінің арқасында отанасы атанып, адал жар болып отырсыз. Осындай асыл қасиеттеріңізге тәнті болған біздің орта өзіңізге деген зор құрметін білдіре отырып, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағыңызға шаттық, көңіліңізге қуаныш, жаныңызға жайсаңдылық тілейді! Қашанда толағай табыстың көкжиегінен көрініп, ой-мақсаттарыңыз жүзеге аса берсін!  Жұлдызыңыз жоғары, еңбегіңіз бағалы, мерейіңіз үстем болсын! Игі істеріңіздің қашанда оңға басуына, әр қадамыңыздың қарымды болуына, ел-қоғам алдында абыройыңыздың арта беруіне тілектеспіз!  Бақытты болыңыз!

Игі тілекпен, Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының ұжымы.