Біздің ұран:  «Дені сау бала баға жетпес болашақ»

Астана қаласы әкімдігінің «Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы» МКҚК Астана қаласының инфекциялық патологиясы бар бала тұрғындарына мамандандырылған стационарлық медициналық көмек көрсетеді.

1997 жылдың наурыз айында бұрынғы Целиноград станциясының көпбейінді 120 төсектік балалар ауруханасының базасында балалардың инфекциялық стационары ұйымдастырылып, Ақмола қаласының Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы деп аталды. 1999 жылдың қаңтар айында Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы «Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы» мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. 2010 жылғы 14 қазанда «Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы» мемлекеттік мекемесі «Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып, 2013 жылғы 11 қазанда Астана қаласы әкімдігінің «Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны  (бұдан әрі – ҚБЖАА) болып қайта құрылды.

2015 жылдың желтоқсан айына дейін ҚБЖАА-ның төсек-орын қуаты 161 төсек болған. Жаңа стационарға көшуге байланысты төсек-орын қуаты 250 төсек болып отыр. Шұғыл түрде әрі тәулік бойы госпитализациялау 100% жүргізіледі.

ҚБЖАА-ның жаңа ғимараты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2007 жылғы 28 ақпандағы «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына жолдауы аясында жүзеге асырылып жатқан «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде салынды.

Стационар – типтік, 250 төсек-орындық, 3 қабатты. Аурухана ғимараты бір-бірімен галерея арқылы байланысқан 6 жеке ғимараттан тұрады, сондай-ақ қосымша үйлері мен ғимараттары бар. Аурухана ғимаратының жалпы алаңы 60070,49 ш. м. болады.

Аурудың түрлі нозологиялық түрлерімен ауырған науқастарды госпитализациялудың бейінділігін сақтау үшін 3 блок қарастырылған:

А блогі – ауа-тамшы арқылы тарайтын инфекциямен ауырған науқастарға арналған;

Б блогі – жіті респираторлық инфекция және оның асқыну түрлерімен ауырған науқастарға арналған;

В блогі – жіті ішек жұқпасымен ауырған науқастарға арналған.

Г1Д1 блогінде анестезиология, реанимация және қарқынды патология бөлімшесі, қабылдау-диагностикалау бөлімшесі, сондай-ақ орталық зарарсыздандыру бөлімшесі мен кір жуу бөлімі орналасқан.

Г2Д2 блогінде – клиникалық-диагностикалық, иммунологиялық зертхене мен бактериологиялық зертхана орналасқан.

Аурухана әкімшілігі Е блогінде орналасқан. Аурухананың бет-бейнесі – тіркеу орны. Осы блокта пациенттер мен олардың туыстарының бейнекездесулерін ұйымдастыру бөлмесі жабдықталған.

Стационардың барлық ғимараттары лифтімен, сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі тұлғалар үшін пандустармен және тұтқалармен жарақталған.