Балалар тимомегалиясы – балалар айыршабезінің ұлғаюы.

Мұндай жағдайлар балаларда, әсіресе 1 жасқа дейінгі балаларда жиі кездеседі. Айыршабез төстің алдыңғы жоғары жағында орналасады. Айыршабездің екінші бір атауы – «балалық без». Оның ұлғаюына эндогендік немесе экзогендік факторлар мен олардың әрекеттері себеп болады. Бүгінгі таңда медицина қызметкерлері тұқым қуалаушылық (бұл белгілі бір гендер арқылы расталып отыр), жүктілік ауытқулары, ананың жұқпалы аурулары, кеш жүктілік, нефропатияның да әсерлері бар екенін мойындап отыр.

Балалар тимомегалиясының симптомдары

Балалар тимомегалиясының негізгі симптомдары мыналар:

 

  • лимфатүйіннің ұлғаюы
  • аденоид, бадамшабез, жұтқыншақ үстінің артқы тінінің ісуі
  • гипотония
  • аритмия
  • терінің «мәрмәр» түске енуі
  • аяқ-қолдың сууы, тершеңдік
  • артық салмақ, семіру
  • қыз бала жыныс мүшелерінің гипоплазиясы, ұл балалардың фимозы немесе крипторхизмі.

Бір жасқа дейінгі балалардың тимомегалиясы:

  • бала туған кезінде-ақ дене салмағы артық болады
  • салмақ алмасуы жылдам (тез толып, тез арықтайды)
  • кеудесінде веналық торшықтар болады
  • бозарған
  • күштену кезінде цианоз пайда болады (мысалы жылағанда)
  • жатқанда күшейетін жөтел (суық тимеген кезде)
  • дене қызуының субфебрильді сандарға дейін көтерілуі, тершеңдік (суық тимеген кезде)
  • аритмия
  • жиі құсу.

Тимомегалиямен жиі ауыратын балалардың респираторлық вирусты және жұқпалы аурулармен жиі ауыратыны және иммунитетінің төмен болатыны байқалады.

Емделуі

Аурудың айқындылығы және бала иммунитетінің жалпы жағдайы мен денсаулығына байланысты әр баланы емдеу жолы дербес болады. Ең бастысы гипоаллергендік емтағам тәртібін ұстану керек. ІІІ дәрежелі тимомегалиясы бар балаларға екпені (полиомиелиттен басқа) егуді жарты жылға тоқтатады.

Ұстама кезінде немесе денсаулығында маңызды ауытқулар болған кезде тимомегалияны дәрі-дәрмекпен емдейді. Аурудың үдемелі кезеңінде глюкокортикоидтің 5 күндік курсын қабылдайды. Тамақ құрамында С дәрумені (итмұрын қайнатындысы, болгар бұрышы, бүрген, лимон, қарақат, ақжелкен және т.б.) көп болуы керек. Тимомегалиясы бар балалардың бүйрекбезі қыртысын ширықтыру үшін глицирам тағайындайды. Сондай-ақ иммуномодулятор мен адаптогендер қолданады, мысалы: элеутерокок, қытай лимоннигі немесе женьшень (курсты 3-4 ай сайын қайталап отырады). Тимомегалияны емдеу үшін аспирин қолдануға қатаң тыйым салынады, себебі аспирин демікпесі тууы мүмкін.

Жылына 1 рет этимизол, глицерам қолданып, емдеу курсын жүргізіп отыру керек. Негізінен диспансеризация мен емдеу бала жасы 6-ға келгеннен бастап қана жүргізіледі.

Баланың ата-анасы респираторлы вирусты және жұқпалы аурулардың алдын алу жолдарын қарастыруы керек, себебі тимомегалиямен ауыратын балаларға осы аурулардың тез жұғуы ықтимал. Сондай-ақ физиотерапиялық ем-шара және табиғи ширықтырушы құралдарды қабылдау да пайдалы (дәрілік өсімдіктердің жеке-жеке не топтастырылған түрлерінің қайнатпалары, тұндырмалары).

Негізінен балалар тимомегалиясының симптомдары 3-6 жасқа дейін байқалады. Содан кейінгі жаста жойылып кетеді не басқа ауруға ауысады. Басқа ауру тууының алдын алу үшін уақтылы әрі мұқият емдеу маңызы өте зор, педитордың барлық ескертулері мен ұсыныстарын бұлжытпай орындау керек!