Герпесті жұқпа – қоздырғышы қарапайым герпес болып табылатын жұқпалы ауру.

Герпес – вирусты жұқпалардың ең көп тараған түрі. Жер бетіндегі адамдардың 90%-ы герпес жұқтырған, АҚШ-тың 30 млн халқы қайталана беретін аурулармен ауырады. Жұқпаны жұқтырғандардың тек 5%-ында ғана ауру белгілері білінеді, ал қалғандарында ауру клиникалық белгілерінсіз болады.

Герпес қоздырғышы – құрамында Herpesviridae тұқымдасына жататын Herpes simplex вирусы бар ДНК. Ең көп тарағаны – 1-тип (ерінге ұшық шығады), ал 2-типтегі вирусқа гениталиге (жыныстық ағзалар) шығатын герпес және жаңа туған нәрестелердің генерализацияланған жұқпалары жатады.

Вирустың жиі зақымдайтын жерлері:

тері мен сілемейқабықтар (герпесті экзема, герпесті гингивостоматит, лабиалды герпес, герпесті панариций)

көз – герпесті кератоконъюктивит

жыныс ағзаларының сілемейқабықтары – генитали герпесі

 

орталық нерв жүйесін – герпесті энцефалит, менингит.

Герпес жұқпасы терісі герпеспен зақымдалып, ашық жарасы бар адаммен тығыз қатынаста болу арқылы жұғады. Герпес вирусы тері тіндеріне тез орналасып, жылдам көбейе бастайды. Оның асқынуы адамның иммунитет жүйесіне байланысты.

Терідегі герпестің асқынуына мыналар сеп болады:

Стресс

Суық тигізу

Жіті респираторлы аурулар

Иммунитет жүйесін әлсірететін қандай да болмасын жұқпалы аурулар.

Ішкі ортадағы бөлме температурасында және дұрыс ылғалдылықта қарапайым герпес вирусы бір тәулік бойы сақталады, 50-52оС кезінде           30 минуттан соң белсенділігі жойылады, ал төмен температурада (-70 оС)       5 тәулік бойы сақталады. Ал металл заттарда (тиын, есік тұтқалары, суқұбырдың шүмектерінде) вирус 2 сағат бойы, зарарсыздандырылған медициналық ылғалды мақталар мен дәкеде олар кепкенге дейін сақталады  (6 сағатқа дейін).

Ауру симптомдары

Бөртпе пайда болғанға дейін 1-2 күн бұрын немесе бөртпенің пайда болуымен бірге ісік, терінің қызаруы, ашуы және қышуы пайда болады. Герпес ауруының типтік және атиптік түрлері бар. Терінің қарапайым герпесінің типтік түрінде көптеген түйіншектер пайда болады, кейін олар ішінде мөлдір сұйықтығы бар қапшықтарға айналады (сулы бөртпелер немесе күлдір бөртпелер). Олар 2-3-еуден бастап ондаған сандарға жетуі мүмкін. Өлшемдері 1-4 мм болады, кей кездері бірігіп, көп камералы күлдірлерге айналады. Бірнеше күннен кейін күлдір ішіндегі сұйықтықтың түсі өзгеріп, лайланып, тілген кезде эрозия пайда болады. 3-5 күннен кейін сарғылт қоңыр түсті қабыршаққа айналады, оның астынан жаңа тері пайда болады. Аурудың басталғанынан 3-5 күн өткеннен кейін регионарлы лимфаденит байқалуы мүмкін.

Аурудың жергілікті белгілерінен басқа да, әсіресе, балаларда жалпы интоксикация белгілері болады: әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы және т.б.. Аурудың басталғанынан 6-9 күннен кейін қотыр түсіп, оның орны дақ болып қалады, бірақ ол уақыт өте кетеді. Типті кездерде барлық үрдіс    1-2 апта бойы жалғасады.

Диагностика

Қандағы вирусты антигенді табу (ПЦР), сондай-ақ вирусты антителдің титрін серологиялық идентификациялау және қарапайым герпес вирусымен зақымдалған тін жасушаларының морфологиялық өзгерістерін анықтау керек. Қан сарсуында ерекше антителдің концентрациясын арттыруға негізделген зерттеудің ауру динамикасында алынатын зертханалық әдістері де бар. Тікелей вирусты анықтау үшін герпесті күлдірден сұйықтық, сілемей жағындылары, жұлын сұйықтығы, зақымдалған тіндерден қырынды және т.б.  алынады. Сонымен қатар тері аллергиясына сынама алынады.

Емделуі

Герпеске қарсы жергілікті және система ретінде химиялық препараттар (ацикловир, валацикловир, фамкловир) немесе лейкоцитарлы препараттар және рекомбинантты интерферон тағайындалады.

Аурудың алдын алу үшін жалпы нығайтушы препараттар (дәрумендер, иммуностимуляторлар және т.б.) қолданылады. Шұғыл түрде аурудың  алдын алу үшін вирусқа қарсы Ацикловир жақпамайлары (Ацикловир, Зовиракс, Гексал, Герперакс және т.б.) пайдаланылады.

ҚДБ ординатор дәрігері А.М.Асқарова